Елордалық құтқарушылар «Отбасы» күнін атап өтті

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Елордалық құтқарушылар «Құлагер» спорт кешенінде Отбасы күнін атап өтті, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

Елордалық құтқарушылар «Отбасы» күнін атап өтті

«Қызметкерлердің отбасыларының арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстарда 12 жанұядан құралған 3 команда күш сынасты. Жарыстар 8 кезеңмен өтті. Барлық қатысушылар мен балалар тиісті сыйлықтарын алып, қуанышқа бөленді», - деп хабарлады ведомстводан.

Бұдан басқа, департамент басшылығы Астана қалалық гарнизоны қызметкерлерінің бірінші сыныпқа баратын балғындарын да құттықтады. ТЖД бастығы генерал-майор Мейрам Ысқақов бірер күннен кейін оқушылар қатарына қосылатын балғындарға сыйлықтар табыс етті. Мерекелік бағдарламаның жалғасы ретінде, клоундар өнер көрсетіп, балаларға тәтті-дәмділер таратылды.

«Осы сынды іс-шараларды ұйымдастыру департаментте дәстүрге айналған. Себебі бұл игілікті шаралар балалардың көңілдерін көтеріп қана қоймай, жаңа оқу жылының алдында оларды сәл де болсын жігерлендіреді»,- дейді департамент қызметкерлері.

Отбасы күні Президенттің Жарлығымен бекітіліп, дәстүрлі түрде қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі.