Елордалық қыз-келіншектер алаяққа алданып, несие алып берген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алаяқ жәбірленушінің сеніміне кіру арқылы 6 миллион теңге ақшасын жымқырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
None
None

«Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы қаласында елордада әйелдерді алдап, бірқатар алaяқтық жасады деген күдікпен 34-жастағы азамат Т.-ны қолға түсірді. Ол жәбірленушілердің бірін алдап, сеніміне кіру арқылы 6 миллион теңге ақшасын жымқырған. Онымен қоймай, бірнеше әйелмен көңіл жарастырып, бірге тұрған. Аталған алаяқтық фактілерімен қатар, күдікті былтыр автокөліктен ұрлық жасап, құны 360 мың тұратын алтын білезікті қолды қылған», - деп хабарлады қалалық Полиция департаментінен.

Хабарламада айтылғандай, қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының тергеу изоляторына қамалды, тергеу іс-шаралары жүргізілгеннен соң елордаға жеткізілетін болады.

«Алаяқ 4 дерек бойынша күдікке ілініп отыр. Оның ішінде әйелдердің сеніміне кіріп, ақша жымқыру. Ол сонымен қатар әйелдерден өз бизнесіне көмек сұрап, аляқтық жолмен несие алдырған», - делінген хабарламада.

Бүгінде күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде.

Осыған байланысты елордалық полиция департаменті ұсталған азаматтың қылмыстық әрекетінен зардап шеккендер болса Бейбітшілік, 19 мекенжайы бойынша немесе 8(7172)71-60-22, 71-63-29; 102 телефон нөмірі арқылы арыздануға болатынын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар