Елордалық мектепте «Өзін-өзі тану» пәнінің ерекшеліктері талқыланды
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Елордада Ю.Гуров атындағы №6 гимназияда «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың әдістемелік ерекшеліктері мен оның балаларға әсерін талқылау мақсатында 70 астам оқытушы бас қосты. Бұл туралы Балалардың құқығын қорғау басқармасына сілтеме жасап astana.kz хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы аясында қазан айынан келер жылдың сәуір айына дейін бала бақшаларда, мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында «Өзін-өзі тану» пәнінен ашық сабақтар өткізіледі. Бүгінгі таңда елордада аталған пән бойынша 1 сыныпта «Жақсы көруді үйренеміз», 5 сыныпта «Адамдар қатынастарының әлемі» және 6 сыныпта әдебиет пен өзін-өзі тану пәні бойынша «Бақыт» біріккен сабағы ұйымдастырылды.
Астанада №6 гимназияда «Оқушылардың өзін-өзі тану сабақтарындағы топтық қызметі коммуникативтік машықтарды дамыту құралы ретінде» тақырыбында өткен практикалық семинарда ашық сабақтардың қорытындысы шығарылды.
«Семинар барысында қатысушылар сабақтардың жоғары деңгейде өткізілгенін және сапалы дайындалғанын атап өтті. «Өзін-өзі тану» сабағында оқушылар топпен жұмыс істей білетіндерін, бір-бірін тыңдайтындарын, мәселелерді талқылап, шешімдер таба алатындарын көрсетті»,- делінген хабарламада.