Елордалық мектептерде 3 жаңа кадет сыныбы ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Астанадағы әскери-спорттық клубтар 2 мыңға жуық мектеп оқушылары мен колледж студенттерін қамтып отыр. Сондай-ақ, №25 және №71 мектептерде екі кадет сыныбы ашылды, алдағы уақытта тағы да жаңа үш сынып өз жұмысын бастайды, деп жазады қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Астана қаласы Білім басқармасының бастапқы әскери дайындық жөніндегі әдіскері, қалалық әскери-спорттық клубтар федерациясының төрағасы Сергей Шарыповтың айтуынша, мектептерде бастапқы әскери дайындыққа (БӘД) бөлінген сағаттардың қысқартылуына байланысты оқушылардың қосымша білім алуына баса назар аударылуда. Әскери-спорттық клубтар болашақта өмірлерін әскермен және әскери күштермен байланыстырғысы келетін балаларға арналған.
- Балалар әскери қолданбалы және құқықтық бағыттағы пәндерді, құқық бұзушылықтың алдын алу, атыс және саптық даярлық негіздерін оқиды. Сонымен қатар, БӘД пәнінің мәртебесін көтеру үшін биыл мектептер мен колледждердің оқу-әдістемелік базасы 40% жаңартылды, мекемелер басшылары мен БӘД оқытушылары-ұйымдастырушыларына арналған семинарлар өткізілді, деді Шарыпов.
Оның айтуынша, Астанада 41 әскери-спорттық клуб бар, 2015 жылға қарай олардың саны 15-ке артады. Ол кезде клубтар Балалар үйлері мен кешкі мектептерді де қамтитын болады.