Елордалық мешіттерде мерекелік намаз өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл мұсылмандардың қасиетті мерекесі Құрбан айт 12 қыркүйектен бастап тойланады. Бұл күні қаланың барлық мешіттерінде сағат 7.30 мерекелік намаз оқылады. «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «С. Ғылмани» мешіттерінде қайырымдылық акциялар, жәрмеңкелер және спорттық жарыстар ұйымдастырылады, деп хабарлады елорда қаласы әкімінің ресми сайты.

Елордалық мешіттерде мерекелік намаз өтеді

«Әлжан ана» мешітінің имамы Сәбит Қуаныштың айтуынша, мереке 11 қыркүйекте - қасиетті Арафа күнінен басталады, барша әлемнің мұсылмандары бұл күні қасиетті Мекке қаласында жиналып, ғибадат етеді.

- Мерекенің өзі қыркүйектің 12-сінен 15-не дейін тойланады. Қазіргі кезде Астанада дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Намаздан кейін құрбандық шалуға болады. Малды 14 қыркүйекте күн батқанша құрбандыққа шалады. Мерекеге орай сиыр, түйе және қой союға болады, - дейді Сәбит Қуаныш.

Елордада барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, мал союға арналған 8 орын белгіленді. Астана қ. ауыл шаруашылық басқармасының хабарлауынша, оның жетеуі қала аумағында («Темеш» ШҚ, «Шаушен» ШҚ, «Нұрбереке 555» ЖШС, «Жайлау» базары, «Мақсат 2007», «Метро» СҮ, «Саянұр» базары), біреуі Ақмола облысында орналасқан.  

- Мал соятын орындарда ветеринарлық бақылау қамтамасыз етіледі. Қалалық бекеттерде малды әкелу кезінде ІІД мен бірге кезекші дәрігерлер құжаттардың, анықтамалардың болуын тексереді. Құжаттар болмаса, олар қалаға жіберілмейді, - деді Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарманың мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Арман Пирзадаев.

Айта кетейік, 12 қыркүйекте «Нұр Астана» мешітінен «Алтын таға» базарына дейін 1 сағат аралықпен сағат 14.00-ге дейін арнайы автобус қатынайды.

Бұрын хабарланғандай, өңірлерде адамдар мен жануарларға жұғатын аса қауіпті аурулар тіркеліп отырғандығын ескере келе, елорда тұрғындары мен қонақтарынан мал сатып алу кезінде мұқият болуларын сұраймыз.

2014 жылдан бері эпизоотикалық жағдайды сақтау мақсатында республиканың 5 өңірінен - Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан. мал мен ет әкелуге тыйым салынды.

Малдарды тек аталған мекен жайлар бойынша ғана сатып алыңыздар. Сатып алу кезінде сатушыдан малға жасалған вакциналар туралы тиісті белгілер қойылған ветеринариялық анықтаманы көрсетуін сұраңыз. 

Екпе жасалған күнге баса назар аударыңыз. Екпе жасалғаннан кейін мал кем дегенде 15 күн карантинде болады. Осылайша, соңғы екпе 15 күн бұрын жасалуы тиіс.

Заңнама нормаларына сәйкес, ішкі сауда объектілеріне, соның ішінде базарларға сату үшін түскен жануарлардан алынатын өнімдер оны тамаққа пайдаланудың қауіпсіз екендігін көрсететін ілеспе ветеринариялық құжаттар болмаса, тәркіленіп, жойылады.