Елордалық оқушы 100 мың теңгесін жоғалтқан қызды іздеп тапты
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, №28 орта мектептің 11-сынып оқушысы Илья Шавиков Кенесары көшесінің бойынан 112 мың теңгеден астам ақшасы мен банк карталары салынған әмиян тауып алған. Оқушының сөзіне қарағанда, ол ата-анасымен бірге әлеуметтік желіден Полиция департаментінің Табылған заттар бюросының жұмысы туралы хабарламаны жиі көреді. Осыдан кейін ол тауып алған затын иесіне қайтарып беру үшін Бюро көмегіне жүгінген.
«9 қаңтар күні Астана қалалық ПД Табылған заттар бюросының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізгеннен кейін әмиян иесін тапты. Әмиянын жоғалтқан қыз Полиция департаментіне шақырылып, сол жерде Илья Шавиков оның заттарын қайтарып берді. Әмиян иесі Ильяға, ата-анасына шынайы ризашылығын білдіріп, оның мұндай әрекеті тәрбиелі азамат екендігін білдіретіндігін айтты», - делінген таратылған ақпаратта.