Елордалық оқушы шетелдік бірнеше университетке оқуға түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Дарынды балаларға арналған № 9 «Зерде» мектебінің оқушысы Германия, Қытай, Кипр және Катардың ЖОО-ларына оқуға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Нұрәлі Сарбақыш «Зерде» мектебінің 11-сынып оқушысы. 7-сыныпта осы мектепке тест тапсыру арқылы конкурстан өтіп, қабылданған. Оқушы қалалық, республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындардан көрінген.
Нұрәлінің физика саласына құштарлығы жоғары екенін осы мектептің физика пәнінің мұғалімі Хатаб Қамбар байқаған. Ұстазы шәкіртіне физика саласының сан қырын қарапайым тілмен түсіндіре отырып, оқушының ғылымға деген құштарлығын, ынтасын оятқан.
Қазіргі күнде Нұрәлі шетелдің алты жоғары оқу орнына өтініш беріп, төртеуінен «оқуға қабылдандың» деген жағымды жаңалық алып отыр. Атап айтар болсақ ол Германияның - European University of Lefke, Қытайдың - University of Science and Technology of Shanghai Jiao Tong, Кипрдің - Beijing Institute of Technology, Катардың Carnegie Mellon University ЖОО-ларының жолдамасын иеленген. Енді тек алдында таңдау тұр. Ең қиыны да сол болмақ.
«Мен қазіргі кезде Финляндия елінің университетінен, сосын Назарбаев Университетінің жауабын күтіп отырмын. Ал АҚШ-тың ЖОО-сына берген өтінішім қанағаттандырылмады. Оған қатты өкініш білдіріп отырғаным жоқ. Негізі өзім ішімнен шешім де қабылдап қойдым, осы елдердің ішінен Германияны таңдап отырмын», - деді Нұрәлі Сарбақыш.