Елордалық оқушылар Ресейде халықаралық байқауда жақсы нәтижелерге қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық оқушылар Мәскеуде ХYІІІ «Компьютерлік физика-2014» байқауында жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Елордалық оқушылар Ресейде халықаралық байқауда жақсы нәтижелерге қол жеткізді

Бұл туралы astana.kz сайтына «Астана дарыны» республикалық өңірлік ғылыми-практикалық орталығынан хабарлады.

Ресейде Протвино қаласында 26 қаңтардан 2 ақпанға дейін ХYІІІ «Компьютерлік физика-2014» халықаралық байқауы өтті. Турнирдің мақсаты - іргелі ғылымдарға және информатикаға қызығушылық танытатын дарынды балаларды іздеу, іріктеу және зияткерлік-шығармашылық қолдау көрсету.

Турнирдің басты міндеттерінің бірі физика, математика және информатика саласында балалардың шығармашылық қызметін белсендірудің әлдеқайда тиімді формаларын және құралдарын іздеу болып табылады. «Астана дарыны» орталығының атап өтуінше, елордалық оқушылар байқауда жақсы нәтижелер көрсетті.

«Елордалық оқушылар жоғары нәтижеге қол жеткізді. 76 адамнан (41 жоба) құрылған Астана қаласының командасы жүлделі орындар алды, соның ішінде 41- бірінші орын (22 жоба), 17 адам екінші орын (9 жоба) және 18 оқушы 3 орын (10 жоба) алды. Байқауға қатысушылар бағалы сыйлықтармен және жүлделермен марапатталды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, «Компьютерлік физика» халықаралық турнирінің аясында үш турдан тұратын «Компьютерлік шығармашылық» байқауы өткізілді: «Компьютерлік ойын байқауы», «Виртуалды физикалық зертхана» және «Ғылыми жобаларды жеке және топтық қорғау». Оған Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының командалары қатысты. Барлығы 530 оқушы, соның ішінде 440 оқушы Қазақстаннан келген. Байқау қорытындысы бойынша 220 оқушы марапатталды.