Елордалық пәтер тонаған ұрыларды ұстауға көмектесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзінің пәтеріндегі терезеден күдікті екі ер адамды көрген елордалық тұрғын полицияға уақтылы хабар беріп, ұрылардың қылмысының жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордалық пәтер тонаған ұрыларды ұстауға көмектесті

«Нұр-Сұлтан қаласының Сембинов көшесінің тұрғыны таңғы бестің шамасында өзінің пәтеріндегі терезеден күдікті екі ер адамды көреді. Ол бірден «102» нөміріне қоңырау шалған. Нәтижесінде ұрылар оқиға орнында қолға түсті», - делінген департаменттің хабарламасында.

Белгілі болғандай, күдіктілер пәтерге кілтті сәйкестендіру арқылы кіріп, «LG» маркалы теледидар, ұялы телефонды қолды қылған. Пәтерден енді шықпақшы болып жатқанда, полиция қызметкерлері оларды қолға түсірген.

«Күдіктілер бұрын сотты болған 33 және 32 жасар қала тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта «ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Айғақты заттар тәркіленді. Олардың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Күдіктілер Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлайды департаменттен.

Полиция қызметкерлері көмек көрсеткен Асылбек Жабагинге қылмыс ашуда көрсеткен көмегі үшін алғыс хат табыс етті.