11:18, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елордалық педиатрлар аналарды сәбилерін ана сүтімен емізуге шақырады
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, нәрестені ана сүтімен емізу сәбилер арасында өлім санының азаюына әкеледі.
Бүгін Астана қалалық №1 балалар ауруханасының бас дәрігері Надежда Петухова журналистермен ана мен бала денсаулығы тақырыбында сұхбаттасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н.Петухованың айтуынша, ұлттық бағдарлама талаптары бойынша ана нәрестені кемінде екі жылға дейін емізіп тұратын болса, бұл бала ағзасының өсіп-жетілуі үйлесімді болады екен. «Ал ең басты сипат ? бұл ана мен бала арасындағы рухани жақындықтың нығаюы. Ана сүтін бойына сіңіріп өскен сәби жасанды сүтпен тамақтанған балаларға қарағанда, ата-анасымен рухани жақындығы күштірек болатыны дәлелденіп отыр. Сонымен бірге біздің тәжірибеде мұндай балалардың интеллектуалдық деңгейі жоғары, денсаулығы мықты болатындығын көрсетеді». «Ана сүті сәбилер үшін бірегей тағам. Ал жасанды сүттің балаға жұғымдылығы күмән келтіреді. Ұнтақ сүттің сақталу режимі көбінесе сақтала бермейді. Мұндай тағам құрамында салманеллез табылған кездер де болған. Ал ана сүті зарарсыз, құрамында бала ағзасына қажетті иммуноглабулин және витаминдер бар. Сәби үшін ана сүті ең қауіпсіз тағам болып табылады», дейді ол.