Елордалық полицейлер футбол алаңында мемлекеттік қызметкерлермен шеберлік байқасты

Спорттық жарыс қазақстандық полиция күні мен мемлекеттік қызметшілер күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылды, сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттауға және корпоративтік рухты нығайтуға бағытталған. Алғашқы жолдастық кездесу былтыр өткізіліп, матч 2:2 есебімен тең аяқталған болатын.
Биылғы кездесу тартысты өтті. Қос команданың өкілдері жаңбырға қарамастан бір-біріне дес бермеді.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Астана қаласы ішкі істер департаментінің бастығы Амантай Әубәкіров жарысқа қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.
- Жаңа ғана Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері мен қалалық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің арасында мемлекеттік қызметкерлер күні мен Ішкі істер органдарының құрылған күніне арналған достық футболдан кездесу аяқталды. Ойын өте тартысты болды. Астана қаласының әкімдігі 2:0 есебімен жеңіліп қалғанымен, оған ешқандай өкініш жоқ. Астана қаласының тұрғындарын, оның ішінде, мемлекеттік қызметкерлерді, ішкі істер органдарының қызметкерлерін ертеңгі осы мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Жас мемлекетіміздің дамуына, жас астанамыздың дамуына етіп жатқан еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын. Алда да үлкен табыстарға жете беріңіздер. Осындай жарыстарда әрқашан достық жеңе берсін, - деді Астана қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Бекқадамов Рахат.
Сонымен қатар, алаңда ерекше көзге түскендер түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Астана қаласының ІІД Жедел басқару орталығының бөлім бастығы Жеңіс Бектаев «Үздік қақпашы», Тергеу басқармасының бөлім бастығы «Үздік шабуылдаушы», оқу-жаттығу ротасы командирінің орынбасары Ардақ Амантаев «Үздік қорғаушы», №8 БЖСМ директоры Ербол Кошанов «Үздік ойыншы» атанды.
- Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің мейрамына орай жолдастық кездесу өтті. Спортқа жақын болғандықтан ішкі істер департаментінің футболшылары 2:0 есебімен жеңіске жеттік. Осындай жарыстар көп бола берсін, еліміз аман, халқымыз тыныш болсын. Жарыстан жарысқа жете берейік, деді өз әріптестерін құттыған Ішкі істер департаментінің АЖӘО инспекторы Еңсепов Данияр.
Үзіліс кезінде қолданбалы спорт түрлерінен алты кезеңдік полицейлік эстафета өткізілді. Бірінші кезеңде - ПМ-9 мм толық емес бұзу/жинау, стадионды айналып, 450 м жүгіру. Екінші кезең - газқағармен 200 м жүгіру. Үшінші кезең - зембілмен 200 м жүгіру. Төртінші кезең - 200 м жүгіру. Бесінші кезең - ролликпен 800 м жүгіру. Алтыншы кезең - 150 м қашықтыққа толық әскери керекті жабдықтармен және киіммен жүгіру.
Келесі кездесуге дейін «Достық кубогы» Астана қаласының Ішкі істер департаментінде болады.