Елордалық полицейлер үй-күйсіз азаматтарға көмек көрсетуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаалық ІІД жергілікті полиция қызметінің өкілдері белгілі тұрағы жоқ тұлғалардың туыстық байланыстарын анықтауда. Қатты аязға байланысты учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік қызмет полкінің инспекторлары қиын жағдайға тап болған, үй-күйсіздер табылуы мүмкін орындар - жылу құбырларын, жертөлелерді, иесіз қалған саяжайларды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қаңғыбас» жедел-алдын алу шарасын өткізу кезеңінде қарашаның 18-інен 19-ына дейін Астана қалалық жергілікті полиция қызметі белгілі тұрағы жоқ 50-ден аса адамды полицияға жеткізген. Жеке тұлғалары анықталып, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатыстылығы тексерілген соң олардың әрқайсысымен құқық бұзушылықтарды болдырмау бойынша әңгіме жүргізілді.
Азаматтардың бір бөлігі медициналық-әлеуметтік оңалту орталығына, қалғаны әлеуметтік, медициналық және заңгерлік көмек көрсету үшін және жұмыс тауып беру үшін әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізілді. Елордаға жұмыс істеу үшін Теміртаудан және Қостанай облысынан келген екі азаматқа үйлеріне оралуға көмек көрсетілді.