Елордалық полицейлер үйлердің аулаларында қабылдау ұйымдастыруда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер «Аулаларда қабылдау» мобильді акциясы шеңберінде жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордалық полицейлер үйлердің аулаларында қабылдау ұйымдастыруда

Қалалық Полиция департаментінен мәлім еткендей, іс-шара дәстүрлі түрде тұрғын үйлердің аулаларында өтеді. Онда полиция қызметкерлері әртүрлі сұрақтар бойынша кеңес береді. Онымен бірге, «шұғыл желі» ұйымдастырылған. Ол полицейлерге сұрақ қойғысы келетін барлық адамдарды қамтуға арналған.

Мысалы, Кенен Әзірбаев көшесі аулаларының бірінде полиция қызметкерлері ПИК төрағасымен бірге «Аулаларда қабылдау» акциясына қатысты. Аудан тұрғындары көбіне түнгі уақытта тыныштықты бұзу, жол қоғалысы ережесін бұзу, бейнебақылау камераларының жұмысы, түнгі уақытта спирттік ішімдіктер ішу және тағы да басқа мәселелерге қатысты сұрақтарын жеткізді.

Қабылдауларға әкімшілік, көші-қон және жергілікті полиция басшылығы қатысады. Оларға қатысты көптеген сұрақтар келіп түсуде. Азаматтар жазылмай-ақ, сұрақтарын тікелей қоя береді. Оның ішінде, шұғыл шараларды қажет ететін мәселелер де қаралады.

«Ішкі істер органдарының алдына қойылған басымдықты міндеттердің бірі халықтың полиция қызметіне деген сенімін арттыру болып табылады. Біз халықпен жұмыс істеудің жаңа форматын іздеуге тиіспіз. Ашықтық пен жариялылық – халықпен жұмыс істеудің қазіргі үлгілерінің бірі болып табылады», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Сабыр Жүсіпбеков.

«Бүгінгі таңда қалада 551 басқарушы ұйым бар. Учаскелік инспекторлар ПИК отырыстарына апта сайын қатысып, азаматтарды орындарында қабылдайды. Осылайша, ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың, оның ішінде қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын ұрлықтар мен қылмыстардың жалпы саны азайды. Қылмыстардың саны қоғамдық орындарда - 29,6%, көшелерде 41,7% қысқарды», - деді департаменттен.