Елордалық полицейлер жоғалып кеткен 7 жасар баланы тапты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астана полицейлері жоғалып кеткен 7 жасар баланы тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6 қазанда кешкі 18.00 шамасында Нұр-Сұлтан қаласының «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасына астана тұрғынынан хабарлама түсті. Ол кәмелет жасына толмаған ұлының жоғалып кеткенін айтқан.
Тексеріс барысында 7 жасар баланың анасы үйдің жанындағы дүкенге кеткен кезде бала үйдегілерге ескертпей пәтерден шығып кеткен. Дүкеннен келгеннен кейін баласын таба алмаған әйел полицияға хабарласқан.
Оқиға орнына Нұр-Сұлтан қалалық ПД патрульдік полиция полкінің қызметкерлері мен сол аймаққа жауапты «Сарыарқа» ауданының учаскелік инспекторы Руслан Ефтифеев келді.
Учаскелік инспектор баланың қайда болуы мүмкін екенін анықтау мақсатында ойнап жүрген балалардан сұрап шыққан. 7 жасар баланың достарының мекенжайын алып, тәртіп сақшысы көршілерді аралайды.
Кезекті бір пәтерге кіріп, баланың сол жерде екенін анықтаған. Жеткіншек досының үйінде ойнап отырған екен.
Қуанған ана полицейлерге алғыс айтты.