Елордалық полиция қызметкерлері қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен 2 жігітті ұстады
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Астана қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері бұрын бірнеше рет сотталған, қарақшылық шабуыл жасауға қатысы бар Ақмола облысының тұрғындары - екі жас азаматты ұстады,
деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
«Астана қаласы Сарыарқа аудандық ішкі істер бөліміне кешкі сағат 19.00 шамасында елорданың тұрғынынан екі белгісіз ер адамның қарақшылық шабуыл жасағаны, сондай-ақ пышақ қолдану арқылы оған дене жарақатын келтіріп, ашық түрде алтын сырғалары мен «Нокиа» маркалы ұялы телефонын тартып алғандығы туралы арыз түсті», - делінген хабарламада. Бір күн өткеннен кейін қылмыскерлер тағы бір қарақшылық шабуыл жасаған. Әйелді пышақпен қорқытып, ашық түрде 58 000 теңге сомасындағы ақшасын тартып алған.
Жедел іздестіру шарасын жүргізу барысында полиция қызметкерлері қарақшылық шабуыл жасаған тұлғаларды анықтап құрықтады, олар жоғарыда аталған қылмыстарды жасағанын мойындады.
Қазіргі кезде аталған Ақмола облысының тұрғындары Астана қалалық ІІД-нің уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.