Елордалық прокурорлар қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметіне наразы

АСТАНА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қамқоршылық және қорғаншылық органдары тарапынан қараусыз қалған балаларға қатысты тиісті шаралар қолданылып жатқандығына қарамастан, бұл саланың қызметі бойынша жүргізілген тексерулер онда біршама заңсыздықтардың да орын алғандығын көрсетіп отыр.
None
None

Бұл туралы бүгін аталмыш тексерулердің нәтижесі жөнінде журналистермен кездескен Астана қалалық прокурорының көмекшісі Ольга Ионова мәлім етті.

Оның деректеріне қарағанда, заң бұзу әрекеттері балаларды әлеуметтік жағынан қорғау саласы бойынша және олардың жеке меншіктеріне қатысты бұзылып отыр. «Кей жағдайларда интернат мекемелеріндегі балалардың құқықтық мәртебелері белгіленбеген. Бұл ретте айта кететін мәселе интернатқа орналастырылған баланың онда не үшін орналастырылғандығының себебі болуы керек. Яғни интернаттағы баланың ата-анасы ата-аналық құқынан айырылған болуы тиіс, немесе олар бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан болуы керек. Болмаса, ата-анасының жүрген жері белгісіз болуы керек. Мұндай жағдайда яғни балаға асыраушысынан айырылды деген себеппен мемлекеттік бюджеттен тиісті жәрдемақы бөлінеді. Сондай-ақ асыраушысынан айырылды деген мәртебесі бар бала құзырлы органдар арқылы баспанамен қамтылуға құқылы. Ал мұндай мәртебе болмаған жағдайда бала интернаттан босатылған соң мемлекет тарапынан берілетін барлық кепілдіктер мен жеңілдіктерден айырылады. Сондықтан тексерулер барысында осы мәселеге баса назар аударылды», деді прокурордың көмекшісі.

Оның сөзіне қарағанда, асыраушысыз қалған балалардың өміріне қатысты тағы бір мәселе - тиісті заңдарда көрсетілгендігіне қарамастан, еліміздегі интернаттарда жатқан көптеген балалар алимент пен жәрдемақы алмай жүр. «Баршаға мәлім, қазіргі таңда елімізде ювеналды юстиция саласы дамып келе жатыр. Аталмыш орган қараусыз қалған балалардың анасына немесе әкесіне өзінің кемшілігін түзеуге, сөйтіп ата-аналық құқын қалпына келтіруге біршама уақытқа рұқсат береді. Ал қамқоршылық және қорғаншылық органдары балалардың ата-аналарына берілген уақыттың өтіп кеткендігіне қарамастан, олар ата-аналық құқықтарынан айыру жөнінде тиісті шаралар қолданбауда. Бұл қамқоршылық және қорғаншылық органы қызметкерлерінің бақылаусыз кеткендігін көрсетеді», деді прокурордың көмекшісі.

Соңғы жаңалықтар