Елордалық сақшылар Қазақстан полициясы күнін атап өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы ІІД қызметкерлері Қазақстан полициясы күнін атап өтті. Бүгін мерекелік жиын барысында Астана қаласы Ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Амантай Әубәкіров жеке құрамды осы атаулы күнмен құттықтады, деп хабарлады astana.gov.kz.
«Қазақстан полициясы қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүр, халықына адал қызмет етуде. Қылмыспен күресе отырып, сіздер қоғамдық тыныштықты, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етесіздер», - деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, ішкі істер органдарының ардагерлері де полиция қызметкерлерін құттықтады. Салтанатты шарада ҚР Ішкі істер министрінің құттықтау хаты оқылды.
ҚР Ішкі істер министрі мен Астана қаласы ІІД басшысының бұйрығымен қызметін абыроймен атқарып, үздік деп танылған полиция қызметкерлеріне мерзімінен бұрын әскери шендер беріліп, алғысхаттар табыс етілді.