Елордалық сақшылар көпірден құлау арқылы өз өмірін қимақ болған жас бойжеткенді құтқарып қалды

АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат. Елордалық сақшылар көпірден құлау арқылы өз өмірін қимақ болған жас бойжеткенді құтқарып қалды. 2011 жылғы 12 қазанда сағат 22.27-де «102»-ге белгісіз қыздың Сығанақ көшесінің бойындағы М-3 көпірінен құлап өз өміріне қиянат жасамақ болғаны туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Елордалық сақшылар көпірден құлау арқылы өз өмірін қимақ болған жас бойжеткенді құтқарып қалды

Оқиға орын алған жерге жедел түрде Астана қ. ІІД Патрульдік полиция полкінің «Антал-131», «Антал-132» автопатрульдері жіберілген болатын, полиция қызметкерлері осы фактінің расталғанын анықтайды.

Жас қыз көпірдің шетінде отырған. Тәртіп сақшыларының иландыру шараларына көнбей, 10 метр биіктіктегі көпірден Есіл өзеніне секіріп кетеді.

Бұны көрген Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері лезде қызды құтқаруға аттанады. Полиция сержанттары Ж.Абдрашитов және М.Рахымжанов ойланбастан сыртқы киімдерін сыпырып тастап, мұздай суық суға секіріп, қызды құтқарады. Полиция сержанты Ж.Абдрашитовтың айтуы бойынша, сол мезетте менің ойымда бір ғана мәселе қызды құтқару болды, Тек жағаға шыққан соң, өзімнің тонғанымды байқап, менің де өміріме қауіп төнгенін түсіндім.

Қайғылы оқиғаның алдын алып, жағада төтенше жағдайлар органы қызметкерлері мен «жедел жәрдем» қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қызды ауруханаға жатқызды.

Қызды құтқаруға ұмтылған сақшылар ең алдымен өздерінің азаматтық борыштарын орындады. Бұл қайырымдылық іс-әрекет барлық ішкі істер органдары қызметкерлеріне үлгі болады.