Елордалық сақшылар заңсыз айналымнан 60 келіден астам күкірт қышқылы мен тұзды сілті тәркіледі

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Астана қалалық ІІД наурыздың 10-ы мен 17-сі аралығында өткізілген «Допинг» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасының бірінші кезеңін қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Елордалық сақшылар заңсыз айналымнан 60 келіден астам күкірт қышқылы мен тұзды сілті тәркіледі

«Шара барысында елордалық құқық қорғаушылар есірткі және психотропты заттарды сақтау, жою және есепке алу ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында 4 емдеу-алдын алу мекемесін, 7 дәріхана мен 3 қоймаға тексеру жүргізді. Нәтижесінде аталған ережелерді бұзуға қатысты 2 іс анықталды. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 30,7 келі «Күкірт қышқылы», 31,5 келі «Тұзды сілті», 5 келі «Толуол», 18,4 келі «Диэтилді эфир», 20 ампул «Тұзды сілтінің стандартты титрлары» және 9 ампул «Морфин гидрохлориді» тәркіленді», дейді Астана қалалық ІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаев.

Оның айтуынша, наурыздың 17-сі күні Есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері Мақтұмқұлы көшесінде орналасқан пәтерлердің бірінен есірткі затын саудаламақ болған азаматты қолға түсіріп, одан 2 келіден астам «героин» тәркілеген.

«Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тұтқындалған азамат уақытша оқшаулау орнына қамалды. Алдын ала тергеу барысында оның есірткі затын еліміздің оңтүстік өңірінен әкелгендігі белгілі болды. Қазіргі уақытта осы іске басқа азаматтардың қатыстылығы тексерілу үстінде», деді ол.

«Допинг» іс-шарасының алғашқы кезеңі барысында емдеу-алдын алу мекемелерінде, дәріханаларда, дәріхана қоймаларында есірткі және психотропты заттарды сақтау ережелерін бұзу ұрлау, есепке алу, босату, жою фактілерін анықтау, сондай-ақ білім ордаларында, жастардың көңіл көтеру орындарында аталған заттарды пайдалану және таратуға жол берген тұлғалардың қылмыстық іс-әрекеттерінің жолын кесу мақсатында ұйымдастырылды.