Елордалық сенбілік айлығы барысында 82 мыңға жуық адам жұмылдырылады деп күтілуде
АСТАНА. Сәуірдің 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін сәуірдің 18-інде Астана қаласында «Біз – таза қала үшін» ұранымен жалпы қалалық сенбілік өтуде. Мамырдың 25-іне дейінгі аралықты қамтитын аталған шараға 82 мыңға жуық адам жұмылдырылатыны күтілуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, жалпықалалық сенбілік Астана әкімінің қаланы көгалдандыру, санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша бекіткен экологиялық айлығының іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Осыған орай, қала тұрғындары арасында тазалыққа үндеу, сенбілікке насихаттау шаралары белсенді атқарылуда.
Қала әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылы 600-ге тарта қоқыс тастау алаңын жасау және 1 мың 224 қоқыс жәшігі мен 1 мың 100 қоқыс салатын сауыт сатып алу жоспарланған. Қазір қаладағы 50-ден астам нысанға жарық түсіру шамдары ілініп, 23 су бұрқаққа жөндеу-тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы 100-ге жуық аула абаттандырылатын болады. Сенбілік барысында ағаш отырғызу, қаланы қоқыстардан тазартудан бөлек, аялдамалар, бағдаршамдар мен жол белгілері, жерасты өткелдері жөнделмек. Ұсқынсыз және заңсыз жарнамалар алынып тасталады. Сенбілікке 100 жүк артатын, 400 жүк тасымалдайтын көліктер тартылады, 82 мыңға жуық адам сенбілікке жұмылдырылады деп күтілуде.
Жалпықалалық сенбілік сәуірдің 11-і мен мамырдың 25-і аралығын қамтитын экологиялық айлық аясында ұйымдастырылып отыр.