Елордалық шенеуніктердің қайсысы қызметтік таксиді шақырта алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі шенеуніктерінің қайсысы қызметтік таксиді шақыру құқығына ие болады? Бұл сұраққа Астана қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғани Исқалиев елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Таксиді басшылар мен оның орынбасарлары ғана емес, сапар жұмыс бабымен болған жағдайда лимит аясында көлік шақыруға құқылы кез келген мемлекеттік орган қызметкері шақыра алады. Оның бәрі тіркеледі: кімнің қоңырау шалғаны, кімнің тапсырыс бергені, қайда бергені тіркеліп отырады. Айдың соңында мониторинг жүрігізіледі. Ай сайын компания, біздің серіктестер қызметкерлердің қайда барғанын көрсетіп отырады», - дейді Ғани Исқалиев.
Оның айтуынша, сапарлардың мониторингі күн сайын жүргізіледі.
«Біз күн сайын мониторинг жүргіземіз - кімнің қайда барғаны, дәл сол кезде жұмыс бабымен шыққаны-шықпағаны қаралады. Лимиттерінің бітіп келе жатқанын басқармаларға алдын ала хабарлап отырамыз. Егер лимит бітіп қалған жағдайда - амал жоқ, жаяу жүруге тура келеді», - дейді Ғани Исқалиев.
Басқарма басшысы, сонымен бірге, қаражатты үнемдеу тұрғысында сөз қозғады.
«Өткен жылғы шығындарды есепке ала отырып, біз жылына 120-150 млн теңгені үнемдейтін боламыз. Сонда 5 жылда 600 млн теңгені үнемдейміз. Ол қаражат басқа әлеуметтік мақсаттарға жұмылдырылады. Мектептегі тамақтандыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың қала ішінде жеңілдікпен жүруі секілді қажеттілігіміз өте көп. Олардың бәріне қаражат керек», - дейді Ғани Исқалиев.
Еске сала кетсек, бұған дейін астаналық әкімдіктің 2018 жылдан бастап такси қолдану бойынша пилоттық жобаға ауысатыны хабарланған еді. Осы жылдың қыркүйек айында қала әкімдігі қызметтік көліктерден бас тартқалы отыр.