Елордалық шешен-ингуш этномәдени орталығына - 25 жыл

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық шешен-ингуш этномәдени орталығына - 25 жыл. Қазіргі таңда елордамызда 2500 ингуш және 1500 шешен ұлтының өкілі өмір сүреді. Орталық төрағасының айтуынша, 1990 жылы 12 наурызда бұрынғы теміржолшылар сарайында диаспораның алғашқы құрылтай конференциясы өткен, деп хабарлады astana.kz.

Елордалық шешен-ингуш этномәдени орталығына - 25 жыл

«Біз тарихымызды еске алып, вайнах халқының қоныс аудару кезеңінде жоғалған дәстүрлерін белгілі бір деңгейде дамыта алатынымызға, салт-дәстүрлерімізді сақтай алатынымызға қуандық. Біздің ата-бабаларымыздың дәстүрлері өте керемет», деді Астана қаласындағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Салман Героев.

Оның айтуынша, мәдени орталық халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтауға септігін тигізеді. Шешендер мен ингуштар келісімге, қонақжайлылыққа, барлық ұлттарды құрметтеуге ерекше көңіл бөледі.

«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығында 22 жылдан бері би ансамблі жұмыс істейді. Бүгінде ол халық ансамблі атанып, республикалық «Шабыт» байқауының лауреаты болды. Оның құрамына 100 адамнан тұратын 4 топ кіреді, хореографтар, музыканттар, әншілер мен ансамбль жетекшісі де бар. Бұдан бөлек орталықта шешен және ингуш тілдерін үйрететін этномәдени мектеп те ашылған, баян тарту сабақтары өткізіледі. 200 жуық жігіт ауыр атлетикамен айналысады. Снарядтардың көмегімен дене жаттығуларын жасайды.

Салман Героевтың айтуынша, 2010 жылы орталық кәсіпкерлерінің күшімен Агроқалашық ауданында 440 орындық мешіт салынды. Орталық төрағасы шешен және ингуш халықтары атап өтетін мерекелерге де тоқталды.

«Бірінші кезекте біз Ораза айт пен Құрбан айтты тойлаймыз. Қазақ халқының ұлттық және мемлекеттік мерекелерін де атап өтеміз. Сондай-ақ, көктем шыққанда ата-бабаларымыз егін егу науқанын бастағанда тойлайтын мерекеміз де бар", дейді С. Героев .

Этномәдени орталықта ҚР Тұңғыш Президентінің күні және ҚР Тәуелсіздік күніне арналған кештер өткізіледі. Ал кеш соңында тау халқы өзінің ұлттық билерін орындайды.

Орталық шешен және ингуш халқының ұлттық дәстүрін сақтауға және дамытуға, сондай-ақ, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосады. Қазір орталық Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы құрметіне көптеген іс-шараларды қолға алды.