Елордалық спортшылар дүниежүзілік жазғы арнайы Олимпиада ойындарында 5 медаль ұтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық спортшылар 21 шілде мен 3 тамыз аралығында Лос-Анджелесте өткен Дүниежүзілік жазғы арнайы Олимпиада ойындарында екі алтын және үш күміс медаль жеңіп алды.

Елордалық спортшылар дүниежүзілік жазғы арнайы Олимпиада ойындарында 5 медаль ұтты

Арнайы Олимпиада ойындары әлемде жылдың ең маңызды спорттық-гуманитарлық оқиғасы және Лос-Анджелестегі ең ірі шара болды. Сайысқа әлемнің 170 елінен келген 7 мың атлет, 300 бапкер, 30 мың волонтер қатысты. Спортшылардың өнерін тамашалауға шамамен жарты миллионға жуық көрермен жиналды.

Сайыс 25 олимпиадалық спорт түрі бойынша өтті. Қазақстан құрамасына 14 облыстан келген 102 спортшы енді, олар спорттың 15 түрі бойынша сайысқа түсті. Астаналық 10 спортшы бадминтон және пауэрлифтинг (ауыр атлетика) бойынша қатысты. Елордалық спортшылар Аркадий Боревич және Руслан Баранбаев ауыр атлетикадан алтын ұтып алса, Сәуле Сыздықова үш күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, сайыс аясында мәдени бағдарлама өтіп, спортшылар ұлттық сувенирлермен, белгілермен және Қазақстан жайлы буклеттермен бөлісті.