Елордалық студенттер ҰОС ардагерлерін 8 наурызбен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ардагер» акциясының аясында елордалық студенттер Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер әйелдерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әр ардагерге гүлдер мен азық-түлік қоржыны тарту етілді. Бұл құттықтаулар ардагерлер үшін тосын сый болды. Олар студенттерді қуана қарсы алып, жастар тарапынан көрсетілген сый-құрметке ризашылықтарын білдіріп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты.
Еске сала кетейік, Астана қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған «Ардагер» акциясының аясында жастар жыл бойы барлық майдангерлерге үй шаруасына жәрдемдесіп, медициналық көмек көрсетіп, студенттік өмірдегі қызықты оқиғаларымен бөліседі.
Тағы бір айта кетерлік жайт, көктем келісімен студенттер майдангерлермен бірге саябақтарда серуендеп, фотосессия жасап, аулаларда сенбілік өткізуді жоспарлап отыр.