Елордалық суда құтқару қызметтері 7 айда 22 адамды құтқарды
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Суда құтқару қызметтері 2013 жылдың 7 айында Астанада 22 адамды, соның ішінде 3 баланы құтқарды. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.
Биыл қаңтар-шілде айларында елорданың су қоймаларында 29 адам зардап шекті, жетеуі көз жұмды. Ал өткен жылы аталған кезеңде елордалық су қоймаларда 33 адам зардап шегіп, 23-і, соның ішінде 2 бала құтқарылып, 8 адам қайтыс болған. Ведомствоның хабарлауынша, суда орын алатын төтенше жағдайларға көбіне мас күйде шомылу себеп болады. Оқиғалардың 98% астамы жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылу, белгісіз жерлерде сүңгу кезінде орын алған. Сүңгуірлер үшін суға кеткен балаларды су түбінен шығару өте қиын. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Астанада жыл сайын осындай 1-3 оқиға тіркеледі. Балалар мен жасөспірімдердің қазасына өз еркімен өзенге бару және үлкендердің тарапынан бақылаудың болмауы жиі себеп болады. Белгісіз жерлерде секіру де аса қауіпті болып табылады. Мысалы, көпірлер салған кезде тіректердің негізін су шайып кетпес үшін құрылыс материалдарының қалдықтарын әдейі қалдырады. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 2013 жылдың қаңтар-шілде айларында еліміздің су қоймаларында 1078 адам зардап шекті, соның ішінде 259 бала, бұл 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 28% (1502 адам) аз. Биыл ҚР ТЖМ суда құтқару қызметтерінің мамандары 777 адамның (соның ішінде 209 баланың) өміріне араша болды. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, 301 адам (соның ішінде 50 бала) суға кеткен, бұл 2012 жылдың 7 айымен салыстырғанда 25% (401 адам) төмен.