Елордалық театр «Театр көктемі-2011» республикалық фестивалінен жеңіспен оралды
АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының әртістері «Театр көктемі-2011» республикалық фестивалінде қойған Е.Жуасбектің «Сен үшін» комедиясы фестивальдің «Ең үздік қойылымы» атанды.
Театрдың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Шымкент қаласында өткен «Театр көктемі-2011» республикалық фестивалін ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен 27 наурыз - Халықаралық театр күні мерекесіне орай Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды.
Режиссер Нұрлан Жұманиязовтың жетекшілігімен қойылған «Сен үшін» комедиясы фестивальдің бірден үш аталымында үздік танылды. Біріншіден, спектакль «Ең үздік қойылым» атанды. Екіншіден, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ләйлә Бекназар-Ханинга «Ең үздік әйел рөлі» аталымы бойынша марапатталды. Ал арнайы тағайындалған үшінші жүлдені спектакльдің қоюшы режиссері Нұрлан Жұманиязов иеленді. Айта кетейік, рөлдерді көрермендердің көзайымына айналған әртістер Қуандық Қыстықбаев пен Шах-Мұрат Ордабаевтар сомдайды.
«Сен үшін» қойылымының тұсаукесері 2010 жылдың 9 сәуірінде өтті. Оның премьерасы Ләйлә Бекназар-Ханинганың «Бенефисіне» арналды. Комедияның тақырыбы қарапайым адамдардың өзара қарым-қатынасы туралы. Осы күнгі кейбір жандар бір-біріне деген сенімін саудаға салып, сыйластығына сызат түсіріп те алады. Ал кейбір бақай есептің иелері осынау құбылысты пайдаланып, жалған сыйласады. Автор осы оқиғаны қойылым барысында қисынды сюжетке ұластырады.