Елордалық түлектер алдыңғы қатарлы университет ректоратымен кездесті
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында елордалық мектеп оқушылары еліміздің бірқатар алдынғы қатарлы университеттердің ректорат басшылықтарымен кездесу өткізді.
Жүздесуге Астана қаласындағы мектептерді бітіргелі отырған түлектер, атап айтқанда болашағын экономика, кедендік іс, туризм және әлеуметтік жұмыстар саласымен байланыстыратын мектеп оқушылары келді.
Кездесуде мектеп түлектері үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, ол бағдарламаның көмегімен оқу орнының ректорат мүшелері, факультет декандары, кафедра меңгерушілері болашақ талапкерлерді қызықтырған сан-салалы сұрақтарға жауап берді.
Жоғары білім алудың маңыздылығы мен өздерінің университеттеріндегі білім сапасы, халықаралық жобалары жайында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университеттің және «Астананың медициналық университеті» АҚ-ның профессорлары айтып берді.