Елордалық учаскелік инспекторлар тұрғындар алдында есеп беруде - Астана қалалық ІІД

АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазанның 10-ынан бастап Астана қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты учаскелік инспекторлар тұрғындар алдында есеп беріп келеді,

Елордалық учаскелік инспекторлар тұрғындар алдында есеп беруде - Астана қалалық ІІД

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шара қаладағы тәртіпті қадағалауда тұрғындармен байланысты нығайту және елордада қылмыс мәселесіне байланысты қалыптасқан мәселелер бойынша қабылданатын шешімдерді екіжақты келісілген түрде жүзеге асыру мақсатында қолға алынып отыр. Есеп беру жұмыстары желтоқсанның 10-ына дейін жалғасатын болады.

Шараға «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық өкілдігі мен аудандық әкімдіктердің, сондай-ақ құқық қорғау саласындағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен пәтер иелері кооперативінің төрағалары қатысуда.

Есеп беру шарасының ұйымдастырылуына орай оның арнайы күн тәртібі де бекітілген. Осы уақыт аралығында ұйымдастырылған кездесулер барысында тұрғындардан 125 ұсыныстар, ескертулер мен өтініштер түсті. Олардың 28-і қоғамдық тәртіпті қадағалау мәселесіне, 11-і учаскелік инспекторлардың жұмыстарын жетілдіруге, 18-і жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға қатысты болып отыр. Сондай-ақ 10 ұсыныс есірткі бизнесіне қатысты шараларды жетілдіруге, 2-і көші-қон полициясы қызметіне қатысты болса, 6-ы ауладағы жағдайда тәртіпке келтірумен байланысты.

Сонымен қатар 12 ұсыныс пәтер иелері кооперативінің жұмысын, 8 өтініш көшелер мен аулаларды жарықтандырумен 13 ұсыныс сауда-саттық шараларын қамтиды. Кездесу барысында көтерілген барлық ұсыныстар мен өтініштер негізінде дер кезінде қажетті шаралар қолданылып, тиісті  ақпараттар құзырлы органдардың назарына жеткізілді.