Елордалық университетте «Қыз сыны» байқауы өтті

АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде дәстүрлі «Қыз сыны» байқауы өтті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Байқауға алдын ала іріктеу кезеңінен өткен 9 ару қатысты. Олар «Сыр мен сымбат сұлулығы» сайысында ұлттық киім үлгілері мен сахнада өзін-өзі ұстай білу мәдениетін көрсетсе, «Өнерпаз болсаң арқалан» сайысында қазақ сазгерлерінің әндерін орындап, әртүрлі ұлттардың билерін биледі. Сондай-ақ патриоттық, лирикалық өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Қолөнер шеберлігі сайысында тоқыма тоқу, құрақ көрпе жасау, кесте тігу, ұршық иіру және тағы басқа да сәнді бұйымдарды қолдан жасау өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар арулар сүттен жасалған ұлттық тағамдардың дайындалу әдістері жайында әңгімелеу, қазақ халқының ырым-жораларын, салт-дәстүрі мен мақал-мәтелдерін жатқа білу сайыстары бойынша сынға түсті. Қазылар алқасының төрағасы, университеттің Әлеуметтік мәселелер және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Александр Майердің айтуынша, студент жастарды қазақ тілін, қазақтың дәстүрлері мен салтын құрметтеуге тәрбиелейтін «Қыз сыны» және «Жігіттің сұлтаны» сынды байқауларды өткізу жоғары оқу орнында дәстүрге айналған. Мұндай байқауларға қатысуға жастардың қызығушылығы жыл санап артып, сайысқа жоғары деңгейлі дайындықпен келеді. Оны қалалық байқауға жолдама алған арулардың жүлделі бірінші орындармен оралу үрдісінен де көруге болады. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Гүлзия Ысқақова, екінші орынды Назира Өтеген және үшінші орынды Ұлжалғас Жүндібаева иеленді. Жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Соңғы жаңалықтар