Елордалық үздік оқушылар республикалық олимпиадаға қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Нұр Орда» халықаралық лицейінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері құрмет грамоталарымен және дипломдармен марапатталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарлады.
Салтанатты шараға елордалық үздік оқушылар мен олардың мұғалімдері қатысты. Олимпиада жеңімпаздары алдағы уақытта жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысатын Астана командасының құрамасына кіреді.
Қалалық олимпиада 5-6 қаңтарда өтті, оған 694 оқушы қатысты. Оқушылардың білімін елордалық ЖОО жетекші оқытушылары бағалады. Қазылар алқасының шешімімен 280 оқушы жүлдегер атанды, соның ішінде 43 оқушы - І орын, 99 оқушы - ІІ орын, 138 оқушы ІІІ орын алды.
«Қалалық деңгейдегі олимпиада жүлдегерлерін бүгін марапаттадық. Осы 280 бала енді республикалық олимпиадаға барады. Бүгін оларды құттықтап, марапаттап, ақ жол тілеп, шығарып салдық. Астана қаласының командасы 9 рет бірінші орын алды. Балалар Астана қаласы бірінші орын алады деп уәде берді», - деді Астана қаласы білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева.
Оқушылардың жеңіске жетуіне мұғалімдер де елеулі үлес қосады. Олимпиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте №60 мектеп-лицейі ІІІ орын, дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебі ІІ орын, дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейі І орын алды.
Білім додасының символы - дәстүрлі ауыспалы «Мудрая Сова» дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне тапсырылды.