Елордалық волонтер-заңгерлер азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін «Біз - біргеміз» жобасы аясында елордалық волонтерлер «Шапағат» және «Әсем» сауда орталықтарында тұрғындарға тегін құқықтық кеңестер берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық волонтер-заңгерлер азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетті

Шара халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтарға консультациялық көмек көрсетуге волонтер-заңгерлерді тартуға бағытталған.

«Іс-шара барысында адвокаттар, заңгерлер, сот орындаушылары, құқық қорғау органдарының басқа да қызметкерлері және «Құқықтану» мамандықтарының студенттері қала тұрғындарына кеңес беру жұмыстарын жүргізді. 300-ден астам адам маңызды мәселелер бойынша кеңес алды. Осындай іс-шараларды айына бір рет жүйелі негізде өткізу жоспарлануда», - деді Қоғамдық даму істері басқармасының маманы Ақұлан Тастемір.

Іс-шара қалалық Әділет департаменті мен Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды.