Елордалық жас футболшылар Түркиядан тәжірибе жинап қайтты
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 маусымда футболдан елордалық Мектеп лигасының жеңімпаздары Түркияның футбол орталығындағы екі апталық жиыннан оралды. Анталияға сапар биыл екінші жыл қатарынан жас футболшылардың мектепаралық командалар арасындағы сайыста иеленетін бас жүлдесі болып келеді, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.
Биыл «Мектеп лигасы» қаланың 48 мектебінен жиналған 1998-1999 жылдары дүниеге келген 576 оқушы арасында 10 қаңтар мен 19 сәуір аралығында өтті. Астана чемпионы және әкім жүлдесін иеленген Мектеп лигасының жеңімпазы №48 орта мектеп болды. Сонымен қатар, Мектеп лигасының үздік ойыншылары - «Үздік шабуылшы», №28 ОМ оқушысы Петр Марченко, ҚТЛ-нен «Үздік қорғаушы» Ернұр Тұрсынов және № 54 мектеп оқушысы «Үздік қақпашы» Руслан Түленов Босфор жағалауына аттанған болатын.
Жеңімпаздар өздерінің жазғы демалыстарын екі күндік жаттығудан бастады. Алаңдағы жаттығулардан өзге, қалыпқа келтіретін тәртіп, жаттығу залындағы дайындықтар, жас футболшылар арасында теннис, су ішіндегі ойындардан сайыстар, сондай-ақ, жергілікті командалармен жолдастық кездесулер өткізілді.
«Бұл екі апта біз үшін пайдалы болды. Біздің күн сайын жаттығуымызға барлық жағдай жасалған, ойындар да жоғары деңгейде өтті, қарсыластар да жаман емес. Балалар бір сатыға жоғарылады деп айтсақ, қателеспейміз. Өзге мемлекеттің командаларымен сайысқа түсу оларға өте пайдалы болды, ойынның сапасы да өзгерді»,- дейді №48 МЛ жеңімпаз командасының жаттықтырушысы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Батырхан Алпысбаев.
«Алда - балалардың жазғы демалысы. Алайда, тың күш жинаған жас футболшылар сенімді түрде жаттығуларына кіріседі», - деп санайды басқармадан.