Елордалықтар «Астана - Арқау» түркі музыкасы фестивалін тамашалайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда тұрғындары мен қонақтары үш күн бойы «Астана - Арқау» түркі музыкасы фестивалін тамашалайды. Биыл фестиваль көрермендерге жаңа ерекше музыкалық ашылымдар ұсынады. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабынан хабарлады.

Елордалықтар «Астана - Арқау» түркі музыкасы фестивалін тамашалайды

Соңғы алты жыл ішінде фестивальға барша түркі халықтарының музыкалық мұрасын жалғастырған 450 музыкант пен ғалым қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы шараға Қалмақия, Чуваш, Алтай, Башқұртстан, Якутия, Тыва, Дағыстан, Татарстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Түрікменстан, Түркия және Қазақстан музыкалық дәстүрінің мұрагерлері өнер көрсетеді. Түркі халқының мұрасын дәріптеген айтулы фестивальда шебер аспапшылармен қатар, жеке орындаушылар, көрнекті музыкалық және би ұжымдары өнер көрсетеді. Алғаш рет фестиваль бағдарламасында «бағлама» көне түрік аспабының сазды үні әуелейді.

Бағдарламаға сәйкес 4 шілдеде фестивальдің ашылуы және «Музыканың қайнар көзі» атты шоу ұйымдастырылады.

5 шілдеде «Әуен. Ырғақ. Би» - қатысушылар өнер көрсетеді, 6 шілдеде фестивальдің жабылуы болады.

Концерттер сағат 17.30 «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының камералық залында өтеді .