Елордалықтар Франкфурт, Стамбул және Әбу-Даби қалаларына жиі ұшады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Астана халықаралық әуежайында жолаушылар ағыны 10,5 % ұлғайған. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында 2,2 миллион шетелдік және отандық азамат әуежай қызметін пайдаланған. Соның ішінде 1,2 миллионнан астам адам мемлекет ішіндегі бағыттармен ұшқан, деп жазады қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6% жоғары. Астаналықтар көбінесе Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларына барады.
Ал халықаралық рейстерге тоқталсақ, жыл басынан бері жолаушылар саны 900 мың адамнан асқан, бұл 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 17,6 %-ға көп.
Елордалықтар Франкфурт, Стамбул және Әбу-Даби қалаларына жиі ұшады. Астана қаласы әуежайының хабарлауынша, рейстердің кешігу көрсеткіші де 2% төмендеп, рейстердің жиілігі мен жаңа бағыттардың ашылуы көбейген.