Елордалықтар Ғарифолла Құрманғалиевті еске алды - ФОТО
Әуелі «Қазақ даласының орфейі» атты деректі фильм көрсетілді. Осы фильмде өз пікірін білдірген Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбайұлы Ғарифолла Құрманғалиевтің ән айтудағы асқан шеберлігін, оның өз әндерімен халықтың жүрегін жаулап алғанын атап өтті. Халық оны «Ғарекең» деп атады. Өнер иесі ретінде ол халықтың шынайы құрметі мен махаббатына бөленді.
Ғарифолла Құрманғалиев ақын, сазгер Мұхит Мерәліұлының әндерін халыққа жеткізушісі әрі насихаттаушысы болды. Дәстүрлі әндердің орындайдың асқан шебері болғаны анық. Ғарекеңнің қазақ өнерінің сақтауына, өркендеуіне қосқан үлесі ұшан теңіз.
Ол тек әнші ғана емес, опера әртісі ретінде де көп еңбек сіңірген өнер иесі. 1934 жылдан 1966 жылға дейін опера сахнасында өнер көрсетіп, Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» операларындағы Жарас, Елемес, Сахан, Шеге рөлдерін, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» Естай, Ахмет Жұбановтың Абай» операсындағы Нарымбет бейнелерін сахнада сомдаған болатын. Сондай-ақ бірқатар көркем фильмдерге түскені де анық.
Елорда тұрғындары алдында Батыс Қазақстан облысының танымал әншілері өнер көрсетті.
Осы концертте Ғ.Құрманғалиев атындағы әншілер байқауының лауреаты Данияр Елеуов Мұхиттың «Айнамкөз» әнін және Өтеғалидың «Өтеғали» әнін шырқады. Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауының лауреаты Серік Әбдірахманов халықтың «Теке қала» әні мен Өмір Көшекбайұлының термесін орындады. Ал келесі кезекте Республикалық байқаулардың лауреаты Ернар Өмірәлі көрермендерге Ғ.Құрманғалиевтің «Ақжайық», «Сүйген жар» әндерін тарту етті. Қаламқас Орашева атындағы жыршылар байқауының лауреаты Лаура Мұхамеджанова Мұхиттың «Үлкен айдайы» мен халықтың «Желкілдек» әнін орындап берді.
Одан кейін сахнаға шыққан Армат Исламғалиевтың орындауындағы Мұхиттың «Кіші айдай» әні мен Сартайдың термесін көрермен қауым ыстық ықыласпен қабыл алды.
Осы өнер кешінде Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева Мұхит пен халық әндерін нақышына келтіре шырқады.
Құрманғазының «Ақбай» күйін жас домбырашы Досым Мақсотов орындады.
Танымал әнші, айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев сахнаға шыққанда, Елорда көрермендерінің үлкен қошеметіне бөленді. Ол Мұхиттың «Алуаш», халықтың «Жылой» әндерін, Біржан-Сара операсынан «Естайдың термесін орындап, ән сүйер қауымды бір желпінтіп тастады.