Елордалықтар үйірме сапасына көңілі толмаса, қайда хабарласуы керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында балаларға арналған тегін үйірмелердің жұмыс сапасына қатысты өтініш-тілек немесе шағым болса, тиісті органға хабарлауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалықтар үйірме сапасына көңілі толмаса, қайда хабарласуы керек

Бүгін елорда әкімдігінде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер және спорт секциялары тақырыбында онлайн форматта баспасөз мәслихаты өтті.

Брифингте «Тегін үйірмелер қаншалықты сапалы ұйымдастырылып жатыр? Үйірмелердің жұмысын кім қадағалайды? Ата-аналардың айтуынша, тегін үйірмелер тиісті деңгейде өтпейді», - деген сауал қойылды.

Сауалға Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасы мәдени-көркем іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Салтанат Муксимова жауап берді.

«Біз өз бетімізше үйірменің қаншалықты сапалы өтіп жатқанын тексере алмаймыз. Құзырлы орган емеспіз. Бірақ, мәдениет басқармасы мен үйірмеге жауапты мекеме арасында келісімшарт бар. Сол келісімшарттың аясында үйірме қалай жүріп жатқанын қадағалай аламыз. Яғни ата-аналар тарапынан үйірмені өткізу барысы мен сапасына қатысты өтініш-тілек немесе шағым болса, біз ол жағдайды анықтап, тексере аламыз. Бізге хабарласса болады», - деді ол.

Сондай-ақ, басқарма өкілі ерекше балаларға арналған үйірме жұмысы туралы айтып өтті.

«Бұған дейін айтқанымдай, елордада 59 үйірме түрі бар. Ерекше балаларға арналған үйірме соның ішіне кіреді, біз оларды бөліп-ажыратпаймыз. Үш сала бар. Инклюзивті, интерактивті және арнайы. Жалпы, үйірмеге қатысуда шектеу жоқ», - дейді С. Муксимова.

Бұған дейін елордада 15 мыңға жуық бала тегін шығармашылық үйірмелерге қатысып жүргенін жазған болатынбыз.