Елордалықтар жыл басынан бері МӘМС-ке 8,6 млрд теңге жарна аударған
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері, яғни 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) үшін елордалықтардан 8,6 млрд теңге жарна аударымдары түскен.
Ал жалпы 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2022 жылдың 28 ақпаны аралығында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша медициналық сақтандыру үшін жинақталған жарна 109,4 млрд теңгеден аса соманы құрады.
Бұл туралы ҚазАқпарат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында медициналық сақтандыру үшін елордалықтар 8,6 млрд теңге жарна аударған. Оның ішінде жұмыс берушілердің аударымдары 4,5 млрд теңгеге жуық, ал жеке кәсіпкерлерден түскен жарна – 4,1 млрд теңге.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады.
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда:
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы,
@saqtandyrybot телеграмботы,
1406 байланыс орталығы,
Қордың fms.kz сайты арқылы Қорға хабарласуға болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтінішіңізді қарап, тиісті шаралар қабылдайды»,-делінген хабарламада.