Елорданың бас жоспары аясында қанша тұрғын үй салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары аясында бірнеше мемлекеттік тұрғын үй салынады. Бұл туралы «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының бас директоры Руслан Жақыпов мәлім етті.
«Бас жоспарда 43 мемлекеттік тұрғын үй, 20 жатақхана, 11 жалға берілетін тұрғын үй және 12 мемлекеттік кредиттік тұрғын үй салу көзделген. Оның ішінде 18 тұрғын үй объектісін 2025 жылы салу көзделіп отыр», - деді Руслан Жақыпов елорда мәслихаты жанындағы қоғамдық кеңес отырысында.
Одан әрі Астана бас жоспары мекемесінің басшысы жаңа өрт деполары салынатынын айтты.
«2030 жылға дейін 19 өрт депосын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 объекті құрылысы аяқталуға жақын, олар Үркер, Өндіріс және Көкталда орналасқан. Сонымен қатар 2030 жылға дейін 5 өрт сөндіру бөлімі қайта жөндеуден өтеді және бір өрт сөндіру стансасы мен оқу-жаттығу орталығы салынады», - дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Астана бас жоспары мекемесінің қабырғасында қоғамдық кеңес отырысы өтті. Ол жерде елорданың 2035 жылға дейін бас жоспарын іске асыру барысы талқыланды. Жобаның мақсаты – жинақы әрі тиімді қала құру.
Бұған дейін 2025 жылы Астанада кәріз суын тазалайтын жүйе құрылысы салынатынын хабарлаған едік.
Еске сала кетсек, Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары былтыр қарашада талқылауға шығарылды.
Жоспар келешектегі кешенді дамуды, аумақты жоспарлы ұйымдастыруды, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылым жүйесі бағыттарын айқындайтын негізгі құжат.