Елорданың қай аудандарында жаңбыр суына арналған кәріз жүйелері салынатыны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының коммуналдық шаруашылығы басқармасы ресми сауалымызға жолдаған жауабында шаһардағы нөсер кәріз жүйесін жаңғырту және жаңа коллекторлар салу жұмыстары жөнінде мәлімдеді.
Ведомство берген ақпаратқа сай, соңғы бірнеше жылда салынған және жаңғыртылған нөсер кәріз жүйесінің ұзындығы 22 шақырымнан асады.
– 2022–2025 жылдары нөсерлі кәріз желілері мен құрылыстарына жүргізілген мониторинг барысында шамамен 245 проблемалық учаске анықталды. Бүгінгі таңда оның 241 учаскесінде жұмыстар жүргізілді. Су басудың алдын алу мақсатында қалған проблемалық учаскелерде нөсерлі кәріз нысандарын тазалау, кеңейту және салу бойынша қысқа және орта мерзімді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. 2019–2025 жылдары қалада нөсерлі, дренаждық және арық-лоток желілерінің 22 шақырымнан астам магистральдық коллекторлары салынып, қайта жаңғыртылды, 9 сорғы станциясы салынды және 6 тазарту құрылысы қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде тазарту құрылыстарының өткізу қабілеті 45%-ға артты, – делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, елордада әлі де 4 проблемалық учаске бар:
• Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдары, Қонаев, Достық және Сарайшық көшелерімен шектелген аумақ;
• Момышұлы даңғылы, Шарль де Голль, Амман, Жалайыри көшелері, Қошқарбаев даңғылы және Айнакөл көшесімен шектелген аумақ;
• Қалдаяқов, Панфилов және Нәжімеденов көшелерімен шектелген аумақ;
• Сәтбаев, Майлин, Мұнайтпасов көшелері және Тәуелсіздік даңғылымен шектелген аумақ.
Астана қаласының коммуналдық шаруашылығы басқармасы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайында да мәлімет берді.
– 2026 жылы 5 жоба іске асырылып жатыр. Олар: III-3, III-4 және III-8 аудандарының тазарту құрылыстарынан Есіл өзеніне дейін су бұру коллекторын салу; III-3 және III-4 аудандарының тазарту құрылыстарын реконструкциялау; I-4 және VI-1 аудандарындағы тазарту құрылыстарының құрылысын аяқтау, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге, ведомство бұл жобалар белгіленген мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы жаңбыр суы ағатын кәріз жүйелерін күтіп ұстауға 1,7 миллиард теңге жұмсалатынын жазғанбыз.