Елорданың жеке табысы 1 трлн теңгеден асты – Жеңіс Қасымбек
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы экономикасының негізгі драйвері - шағын және орта бизнес, ол елорда экономикасының 72,1%-н құрайды.

- Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Қала экономикасы өсуде. Жалпы өңірлік өнім бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7% құрады (5,4 трлн теңге). Биыл жалпы өңірлік өнім секторының үлесі 13,9%-дан 15,7%-ға дейін өсуі байқалады. Бұл өнеркәсіп және құрылыс салаларының белсенді дамуының арқасында болып отыр. Негізгі драйвер шағын және орта бизнес, яғни елорда экономикасының 72,1%-н құрайды. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш, - деді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Әкімнің есебінше, қалада 247 мыңнан астам бизнес субъектілері бар.
- Елорданың жеке табысы алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгеден асып, 20,4%-ға ұлғайды. Бұл соманың 70%–дан астамы жеке инвестиция есебінен. Елорданың құрылыс секторының қарқыны 870 млрд теңгеден асты. 11 айдың ішінде 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға көп. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4 млн шаршы метрге артық, - дейді ол.
Айта кетейік, кеше хабарлағанымыздай Астанада құрылысы ұзаққа созылған кезекті екі тұрғын үй кешені аяқталды.