Елорданы әлемнің ең үздік отыз қаласының қатарына қосу жұмыстары қызу жүргізілуде - Әсет Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданы әлемнің ең үздік отыз қаласының қатарына қосу жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев қала күніне арналған құттықтау сөзінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорданы әлемнің ең үздік отыз қаласының қатарына қосу жұмыстары қызу жүргізілуде - Әсет Исекешев

«Құрметті астаналықтар және қала қонақтары! Сіздерді Елордамыздың төл мерекесі - Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Астана күні - тәуелсіз ел тарихындағы айрықша мейрам. Елорда - тәуелсіздігіміздің символы, ел дамуының локомотиві және барша қазақстандықтардың ортақ мақтанышы. Биыл Елорданың Қазақстан астанасы болғанына 19 жыл. Осы уақыт ішінде қаламыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бас болуымен экономикасы қуатты, еңсесі биік, өркендеген шаһарға айналды», дейді қала басшысы.

Одан бөлек, Әсет Өрентайұлы қазіргі таңда Елорданы әлемнің ең үздік отыз қаласының қатарына қосу жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын атап өткен. Сондай-ақ, Астананың бой көтеруі - сан ғасырлық бабалар аманатының орындалуы деп баға берген.

«Еуразия төрінде өзіндік сән-сипаты қалыптасқан, дәулеті мен сәулеті келіскен мегаполистің бой көтеруі сан ғасырлық бабалар аманатының орындалуы деп білемін. Астанамыз өркендей берсін. Дендеріңізге саулық, істеріңізге береке тілеймін!» деп түйіндеген сөзін әкім.