Елорданы айнала қоршап жатқан Ақмоланың стратегиялық маңызы жоғары - Президент

«Бүгін өздеріңізбен Көкше төрінде жүздесіп отырмыз. Арқаның айрықша сұлу аймағы – бүкіл еліміздің мерейі әрі мақтанышы. Бұл – тарихы терең, табиғаты ғажайып киелі өлке. Тұғыры биік тұлғалар шыққан қастерлі өңір. Елорданы айнала қоршап жатқан Ақмоланың стратегиялық маңызы жоғары. Осы жердің тұрғындары ел экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосып келеді», - деп атап өтті жиында Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың бүгінгі тыныс-тіршілігімен қатар, даму келешегі – еліміз үшін өте маңызды міндеттер қатарында екенін тілге тиек етті.
«Мен Жолдауда айтып өттім: экономикалық өсімді және тың өзгерістерді еліміздің әрбір тұрғыны сезінуі қажет. Біз халықтың әл-ауқатын арттыруды әрдайым басты назарда ұстауымыз керек. Өңірде тұратын азаматтарымыздың тұрмыс сапасы жоғары стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл, ең алдымен, жергілікті халық тұрғын-үй, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым сияқты игіліктерді көруі тиіс деген сөз. Сол себепті барлық деңгейдегі әкімдер жұмысты жаңа талапқа сай, тиімді ұйымдастыруы қажет. Осыған орай, бүгінгі жиында Ақмола облысын дамыту мәселелерін қарастырамыз», - деді Президент.