Елорданың 11 жылдығына өзге мемлекеттердің басшылары шақырылып отырған жоқ - И.Тасмағамбетов
АНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Биыл Астана қаласының 11 жылдық мерекесіне басқа елдердің мемлекет басшылары шақырылған жоқ.
Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл қала күніне қатысуға басқа елдердің мемлекет басшыларына арнайы шақыртулар жіберілген жоқ. Бүгінде олардың келетіндігі жөнінде де ешбір ақпараттар алғанымыз жоқ», - деді әкім.
Оның атап көрсеткеніндей, арнайы шақыртулар әлемнің 180 ірі қаласының басшыларына ғана жіберілді. Оның ішінде Астанамен бауырлас 48 қала бар. Бүгінгі күні бұл шақыруды Мәскеу мэрі Юрий Лужков пен Сочи қаласы әкімшілігінің басшысы Анатолий Пахомов қабылдап отыр.
Бұдан бөлек Астана күнін бірге атап өтуге Қазақстанның басқа да аймақтарынан 250 мыңға жуық қонақ келеді деп жоспарлануда. Өткен жылы олардың саны 500 мыңның үстіне шыққан болатын. Осы орайда әкім, халықтың мұндай көлемі инфляцияға еш әсер етпейтінін және қалада азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті екенін жеткізді.
Айта кетейік, өткен жылы қала күні атап өтілген жеті тәуліктің ішінде жалпы сомасы 24,6 миллиард теңгенің тауарлары сатылып, қызметтері көрсетілген болатын. Жергілікті бюджетке салықтар есебінен 3 миллиард теңге түсім түсті.