20:51, 04 Тамыз 2015 | GMT +5
Елорданың 40 мыңға жуық оқушысы жазғы демалыстарын мектеп лагерьлерінде өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп оқушыларының жазғы демалыстары да аяқталуға жақындап қалды. Ағымдағы жылы елорданың оқушылары мектеп жанынан ашылған лагерьлерде бос уақыттарын тиімді өткізіп, түрлі секциялар мен үйірмелерге қатысып, үш айлық демалысты қызықты сәттермен толтыра алды.

Астана қаласы білім басқармасының хабарлауынша, елорданың 73 мектебі жанынан ашылған лагерьлер маусымның 1-і мен шілденің 10-ы аралығында жұмыс істеп, ол жерде 1-4 сынып аралығындағы 37 656 оқушы демалыс күндерін өткізген болатын. Мектеп лагерьлерінің негізгі мақсаты - бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық әл-ауқатын дамытып, оларды салауатты өмір салтына баулу болып табылады.
Сонымен қатар, Астананың екі бірдей Оқушылар сарайларының жанында "Жазғы демалыс академиясы" және "Шығармашылықтың жазғы мектебі" лагерьлері жұмыс істеді. Демалыс мерзімінде оқушылар лингвистика сабақтарын үйреніп, шахмат ойнау шеберліктерін жетілдірді. Сондай-ақ, сурет салу, театр өнері бойынша да тәлім алды.