Елорданың әрбір үшінші тұрғыны кәсіпкер
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана – бұл кәсіпкерлер мен инвесторлардың қаласы. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Республикалық экономикалық әлеуетінде Астана қаласының рөлі ерекше. Қалада әрбір үшінші тұрғын кәсіпкерлікпен айналысады. Осы жылдың желтоқсан айының басындағы мәліметтерге сәйкес, шағын және орта бизнестің 201 субъектісі жұмыс істеп тұр. Оларда 444 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл экономикалық белсенді қала тұрғындарының 71 пайызын құрайды. Егер бұрынырақ елорда мемлекеттік қызметшілердің қаласы болса, ал бүгінгі Астана – бұл кәсіпкерлер мен инвесторлардың қаласы», - деді ол әкімдіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның айтуынша, елорда қаланы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және заманауи инфрақұрылым салуға қаржы құятын инвесторлар үшін ашық. Бұл ретте Астана үшін жоғары технологиялы және инновациялық өнеркәсіп өндірісін дамыту, көлік-логистикалық кешенді кеңейту, әлеуметтік саладағы жобаларды жүзеге асыру басымдыққа ие бағыт саналады.
«Астана – елдің инвестициялық қақпасы, инвестиция мен инвесторлар үшін өзіндік магнит. Біз капитал ағынын қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасау бағытында белсенді әрі жоспарлы жұмыс істеп жатырмыз», - деді Ерлан Бекмырзаев.