Елорданың әуе айлағы әлемнің ерекше әуежайлары тізіміне енді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың әуе айлағы әлемнің ерекше әуежайлары тізіміне енді. Аталған тізімді ресейлік Novate.ru блог-платформасы жасап отыр.

Елорданың әуе айлағы әлемнің ерекше әуежайлары тізіміне енді

Аталған тізімді жасаушылардың назарын Астана халықаралық әуежайы жолаушылар терминалының түнгі уақытта жарқырап алыстан көз тартатын күмбезі ерекше аударған көрінеді. Айта кетерлігі, Астана әуежайының іргетасы 1930 жылдары қаланған болатын. Дегенмен ел ордасы Алматыдан Астанаға ауысқаннан кейін жолаушылар легінің артуына байланысты әуежай қарқынды дами бастады. Жалпы, қаланың бас жоспарына сәйкес, 2020 жылға қарай жолаушылар легінің артуына байланысты күніне 1200 адамды қабылдап, жылына 7 млн. адамға қызмет көрсетуге мүмкіндігі жететін тағы 1 әуежай салу жоспарланған.

Ресейлік блогерлердің тізімінде мұнан бөлек Грузиядағы Тамара ханшайым әуежайы кіріп отыр. Немістің Mayer H. Architects сәулет компаниясының негізінде салынған бұл әуе айлағы күніне бірнеше ғана шағын ұшақты қабылдай алады. Ал әуежай ғимараты орта ғасырлардағы шаруашылықпен қатар қорғаныс қызметін қоса атқарған ең танымал сван мұнараларына ұқсайды.

Ереванның Звартноц әуежайы да осы тізімнен орын алған. Әуежай Армения астанасынан 12 шақырым жердегі алаңқайға қонған алып ұшатын тарелкаға ұқсайды. Дегенмен 1980 жылы пайдалануға берілген бұл әуежай айтарлықтай ескіріп отыр. Сондықтан да аргентиналық Corporation America компаниясы оны сүріп тастап, орнына басқа заманауи терминал салуды жоспарлауда.

Бұлардан бөлек тізімге Бакудегі Г.Әлиев атындағы әуежай, Таллин, Белгород, Санкт-Петербор әуежайлары кіріп отыр.