Елорданың бағдаршаммен реттелетін барлық жол айрықтарында жүргінші жолын білдіретін белгілер жасалады
АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елорда көшелерінің бағдаршаммен реттелетін барлық жол айрықтарында жүргінші жолын білдіретін белгілер жасалады.
Бұл туралы бүгін осындай бағдаршам түбіндегі жол белгісімен таныстырған Астана қалалық ІІД Жол полициясы басқармасы жол бақылау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрлан Уваев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, елімізде алғаш рет енгізіліп отырған жаңалық реттелетін жол қиылыстарынан өту барысында жүргінші ағынының қозғалысын бір тәртіпке келтіруге мүмкіндік беріп, күндіз және түнгі уақыттарда қиылыстардың дер кезінде көрінуін қамтамасыз етеді. «Бұл жүргішілердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының біршама төмендеуіне мүмкіндік береді», дейді ол.
Н.Уваевтің мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері елордада 100 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, олардың салдарынан 13 адам көз жұмса, 98 адам жарақаттанған. Оның ішінде 61 оқиға жүргіншілердің қатысуымен орын алған. Сондай-ақ соңғы төрт айдың ішінде жүргінші жолдарында және көше қиылыстарында 23 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту, сонымен қатар жүргіншілердің қатысуымен орын алатын оқиғалардың алдын алу әрі төмендету мақсатында қозғалыс бағдаршаммен реттелетін қиылыстарда жүргінші өтетін реттелмейтін жол екендігін білдіретін «Зебра» жол белгісін белгілеуге шешім қабылдадық», дейді ол.
Қазіргі уақытта бұндай белгілер қаланың Кенесары-Әуезов, Кенесары-Бөкейхан, Кенесары-Желтоқсан көшелерінің қиылыстарында жасалды.