Елорданың балабақшаларына тексеру жүргізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың балабақшалары қызметіне қалалық Білім басқармасының комиссиясы тексеру жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Елорданың балабақшаларына тексеру жүргізілуде

Басқарма ақпаратына қарағанда, 2017 жылғы 31 қаңтар күні кешке әлеуметтік желілерді пайдаланушы Жанна Шапенова астаналық білім беру қызметкерлеріне өзінің бұйымтайын білдірген. Онда  №77 «Қошақан» мемлекеттік балабақшасының сынған орындықтарының, бір кілемінің және жиегі жоқ унитаздың суреттері жүктелген.

«Балалар мынадай орындықтарда және жиегі жоқ суық унитазда отыруға мәжбүр. Оның салдарын түсіну үшін бұл унитазға балабақша меңгерушісін отырғызу қажет. Балалар ойын барысында немен шұғылданатын білмейді. Себебі оларда ойыншық жоқ, кілемдерді қысқартқаны соншалықты, оған балалар сыймайды (топта 30 баладан астам). Сондықтан олар жерде ойнайды. Тәрбиешілер жиі ауысады (тәрбиешілердің айтуынша, оларға меңгеруші тарапынан психологиялық және моральдық қысым жасалады). Бұл өз кезегінде балалардың психикасына әсер етеді. Ата-аналар бірнеше мәрте меңгерушімен сөйлесті, бірақ мәселе сол күйі қалып отыр. Оның іс-әрекетін біреу бақылауы қажет. Әлде ол балабақшада өзіндік билікті жүргізуді жалғастыра ма? Ондағы ахуал балалар үшін жасалмаған. Шара қолдануларыңызды өтінемін!», - деп жазған еді Астана тұрғыны.

Осыдан кейін Астана қаласы әкімінің тапсырмасымен 2017 жылғы 1 ақпанда балабақшаның қызметін толық тексеру мақсатында арнайы комиссия құрылды.

«Әлеуметтік желілердегі суреттер 2016 жылдың 23 желтоқсанында «Құлыншақ» тобында түсірілген. Барлық топтар тексеріліп, санитарлық тораптардың жағдайы, ойыншықтардың, кілемдердің болуы мұқият қаралды. Барлық жерде кілемдер төселген. Меңгерушінің сөзінше, желтоқсан айында вирусты инфекцияның салдарынан ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу үшін кейбір кілемдер алынып тасталған. Санитарлық тораптардың жағдайына тоқталсақ, кейбір унитазда бекітілген жиектер болмағаны анықталды», - делінген басқарма ақпаратында.

«1 ақпан күні сағат 18:00-ге дейін барлық ескертулер жойылды. Бүгін 2 ақпан күні аталмыш балабақшада комиссия жұмысының нәтижелері бойынша жалпы ата-аналар жиналысы өтеді. Балабақшаның қызметкерлері үшін бөлек жиналыс ұйымдастырылады», - деп атап өткен Астана қалалық білім басқармасының басшысы Сенғазыев Қасымхан Сенғазыұлы.

Айта кетерлігі, 2016 жылдың қазан айынан бері Астанада сенім телефондары қызмет етеді.

Осыған орай басқарма егер сіз немесе сіздің балаларыңыз Астана қаласының білім беру ұйымдарында әкімшіліктің немесе оқушылардың тарапынан заңға қайшы әрекеттерге (мектептің қажеттілігіне ақша жинау, баланы мектепте қатарластарының ұрып-соғуы, мектеп аумағында темекі өнімдерін және т.б. сату) тап болсаңыз, мұндай жағдайларды назарсыз қалдырмауды сұрайды.

«8-701-588-99-66 нөміріне SMS-хабарлама жолдаңыз (мәтінде міндетті түрде мектептің нөмірін көрсету қажет. Мәселен, егер № 98 мектеп болса, онда хабарламаны «098» деп бастау қажет. SMS-хабарлама жүйесі тек мектептер үшін қолжетімді). Шағымдардың кез келген фактілері (балабақша, мектеп, колледж) бойынша оны жан-жақты сипаттап (ескертпе), 8-778-255-01-62 нөміріне WhatsApp хабарлама жіберіңіз. Шағымдардың кез келген фактілері (балабақша, мектеп, колледж) бойынша Астана қалалық білім басқармасының «жедел желі» телефондарына хабарласыңыз: 55-01-62, 8-778-255-01-62. Жұмыс уақыты  с 9:00 до 19:00, түскі үзіліс 13:00-14:30», - дейді басқармадан.