Елорданың дарынды жастары қала әкімі шыршасына қатысты

АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - 150-ге жуық оқу озаттары, пән олимпиадалары мен интеллектуалдық және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары Астана әкімі атынан ұйымдастырылған жаңажылдық шыршаға қатысты. Мәдени шара бүгін елордадағы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында өтті.

Елорданың дарынды жастары қала әкімі шыршасына қатысты

Дарынды жастар арасында математикадан қалалық олимпиаданың жеңімпазы, № 35 мектептің оқушысы Айзада Қуандық, «Зерде» республикалық ғылыми жобасының жеңімпазы, №34 мектептің оқушысы Айғаным Еңбек, Австралиядағы балалар арасында құзға өрмелеу бойынша ашық кубокте 1-орынға ие болған, №1 мектеп-лицейінің оқушысы Санжар Маймұратов және басқа өз өнерімен, табандылығымен, шеберлігімен талай жұртты таңғалдырған балалар болды.

Жаңажылдық шыршаның жас қонақтары үшін театрландырылған ойын-сауықтық бағдарлама, ертегі қойылымы мен тәтті тағамға толы үстел ұйымдастырылды. Мерекеге келген әр балаға жаңажылдық сыйлық берілді. Балалар алдында шығармашылық ұжымдарының, соның ішінде Астананың Балалар үйінің, «Юность Астаны» және «Звездный час» эстрадалық вокал студияларының, «Бәйтерек», «Созвездие» және «Гүлдәурен» би ансамбльдерінің, «Балдырған» халық циркінің өнерпаздары өнер көрсетті.