Елорданың «Интернациональный» тұрғын үй алабында бос орындар жәрмеңкесі өтеді
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - 20 қыркүйекте «Интернациональный» тұрғын үй алабында, №44 орта мектеп ғимаратында бос орындар жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлады.
«Жәрмеңкеде Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары әр түрлі мәселелер бойынша кеңестер береді, қайта оқыту және жаңа мамандық алудың мүмкіндіктері, оқу орындарының түлектеріне жастар тәжірибесінен өту мүмкіндіктері туралы көпшілікті хабардар етеді»,- делінген ведомство ақпаратында.
Астана қаласы Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма қызметкерлері қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кеңестер беріп, Зейнетақы төлеу мемелекеттік орталығы (ЗТМО) зейнетақы мен жәрдемақы алуға құжаттарды жинау тәртібі туралы айтып береді.
Сонымен қатар, кәсіптік бейімделу жұмыстарын жүргізу мақсатында аталған мектептің 9 және 11 сынып оқушылары, қалалық колледждердің өкілдері елордадағы орта кәсіптік білім беру оқу орындарында қандай қажетті мамандықтар бойынша білім алуға болатынын айтып, көрсетіп береді.
Бос орындар жәрмеңкесі сағат 10.00-13.00 өтеді.